Ауылымның сыртынан талай өттің...
Ауылымның сыртынан талай өттің,
Қойыңды айдап, қырындай, жанай өттің.
Ақ маңдайың жарқ етіп, қарай өттің,
Қарай өтсең, қайырылмай қалай өттің?!
Біздің ауыл жайлауы – Белқараған,
Адам емен колхоздан ел қараған.
Аға шопан – ауылдың ақ марқасы ең,
Көмекші боп келгенде мен қаладан.
Ауылыңның жайлауы – Белқараған,
Елігім боп кездескен ен даладан.
Мен де өзіңдей шопанмын, қайырыла кет,
Кінә қойма келді деп мен қаладан.
Тілін тапсам жөн болар кінәлаған,
Қайдан білсін қыз сырын сұрамаған?!
Шықпай жатып жайлауға қалсақ жалаң,
Тез кетерсің деп қорқам бұл арадан.
Әзілқой қыз әдеті сүйдіретін,
Жалын ерін жабысса күйдіретін.
Жалға келген жан емен жалаңаяқ,
Жаяу жүріп табанын тілдіретін.
Дұрыс көрдім өзіңмен серттесуді,
Көрерсің сен кетерім-кетпесімді.
Көмекшің боп өтейін өмір бойы,
Жүректер өгейсініп өтпесінші!