12.07.2022
140
ҚАРАКӨЛ
Кір жуып, кіндік кескен Қаракөлім,
Ерке өскен, еркін өскен балаң едім.
Мен саған сезімімнің Атырауын,
Қап тауын сағыныштың ала келдім.
Мен сенің топырағыңда тәй басқанмын,
Далаңда жұпар жұтып, гүл жастандым.
Тарпаңды жуасытып, тайға мініп,
Самалмен қырларыңнан бірге асқанмын.
Сүйем мен жарқыраған күндізіңді,
Айна көл, айлы аспан, жұлдызыңды.
Тасытып сезімімді өлең қылып
Сүйгенмін қарақат көз бір қызыңды.
Татпадым жақсылықтан ненің дәмін,
Жимадым тал бойыма ненің нәрін.
Түсіндім, арманыма жолдар ашық,
Түсіндім еркелетер елім барын.
Көзге ыстық, көңілге күй Қаракөлім,
Ерке өскен, еркін өскен балаң едім.
«Далаңа жыршы болсам, шіркін-ай!» деп,
Тағы бір үлкен арман ала келдім.