12.07.2022
  113


Автор: Шабаз Иманалиев

Жанымды жұбатпаймын баққа барып...

Жанымды жұбатпаймын баққа барып,
Бір мұң бар көкіректі жатқан алып.
«Өлімнен ұят күшті» деген бар ғой,
Отырған жоқпын, сірә, жоққа налып.
Кім айтар «Мұңайма!» деп қасыма кеп,
Кім айтар «Жоқ нәрсеге жасыма!» деп?!
Мен бірақ еш нәрсені тілемеймін,
Тек төнді-ау ұят бұлты басыма кеп.
Түнеріп, не көрсем де үндемегем,
Кетпейтін күлкі қайда күнде менен?!
Тек өзім, тек өзім-ақ кінәлімін,
Жаныма жегі түсті-ау бір дегеннен.
Бір інге қуанышым үркіп кірді,
Соны аңдып, жиі айналды бүркіт қырды.
Кірпігім тіке жортып, қадалмайды,
Мазасыз күз жауынын бүркіп тұрды...





Пікір жазу