12.07.2022
  102


Автор: Шабаз Иманалиев

БАЙРОН

Өр ақын көкірегімен көк тіреген,
Жалынды найзағайдан от тілеген.
Ағытқан кеудесінен жауларына
Қанжардай қиып түсер өткір өлең.
Жаршысы бостандықтың құдіретті,
Жауларын тітіреткен жыры кекті.
Ұлы адам асқақ үнді, жыры лепті,
Кеудемнен бір нәзік үн күбір етті.
Еркесі, дауылпазы көк теңіздің,
Жабылды-ау жерде жылан, көкте құзғын.
Сен бірақ төтеп бердің барлығына,
Кеудеңмен қайғы менен кекке жүздің.
Теңіздің буырқанған айдынынан,
Бездің сен алдамшы өмір байлығынан.
«Елімді азат етсем, – деуші едің сен, –
Азаптан, қасіреттен, қайғы-мұңнан».
Әр елдің құлақ түріп зар-мұңына,
Арамның елікпедің сан дуына.
Өзіңді, өміріңді қияр едің
Адамның бақыт тілеп барлығына.
О, Байрон, көкірегімен көк тіреген,
Жалынды найзағайдан от тілеген.
Жырыңнан досқа адал тілекпенен
Жауыңа бітіспеген кекті көрем!





Пікір жазу