12.07.2022
  105


Автор: Шабаз Иманалиев

КӨКТЕМІМ

1
Көктемім, жан тербейтін мол-ау шағың,
Көлбейді көз ұшында жарау сағым.
Елжіреп самал сүйді беттерінен
Далада қызғалдақтың, балаусаның.
Өткізген оңтүстікте жыл қалды ұмыт,
Оралды аққу көлге тұрған күліп.
Ұшырған өткен жылы балапанын,
Тұнықта бал құмарын жүр қандырып.
Жай күліп бала құрақ былдырына,
Жартас тұр жонын тосып күн нұрына.
Ойнайды, ерке толқын ұмтылады,
Шопан қыз ат суарса шылбырына.
Жақсының жарқылдатып тамашасын,
Әз көркін әдемінің сен ашасың.
Көктемім, еркіндіктің самалындай,
Сен біздің шат өмірге жарасасың.
2
Нәзік қой жай самалың еркелеген,
Сырымды майсаңа да шерте берем.
Бір кезек құлақ түрем бұлбұлыңа,
Айтқанда сұлу сырлы ертек өлең.
Көгіңде ақша бұлтты жүзгізесің,
Көңілді шалықтатып күлгізесің.
Гүліңді қалқашыма тартайыншы,
Қуанып, сол гүліңдей үлбіресін.
Жүрекке алуан сырлы үн бересің,
Жастарды асық қылып күнде кешің.
Қыз, жігіт жазғы баққа келе берді,
Тап сонда ұмытқандай әлденесін.
Нәзік қой жай самалың еркелеген,
Көктемім, мен күйіңе елте берем.
Үн қосып бұлбұлыңа, Күн нұрына,
Көңілдің қуанышын шертеді өлең.





Пікір жазу