КЕЗДЕСУ
Алдында іздегені, не керегі,
Мәз ұшты қырдың қызыл көбелегі.
Ерекше қуанышпен келем жүріп,
Іздеп қойға шүйгінді төбедегі.
Досым ең, кішкентайдан бірге өсіп ек,
Арманның шыңымен бір тілдесіп ек.
Бір түйір бауырсақты бөліп жесіп,
Ат қылып бір жыңғылды мінгесіп ек.
Жүреді бұл өмірде жалығып кім?!
Сонда да мен өзіңді сағыныппын.
Оқуға кеткенімде шопан болдың,
Өмірдің соқпағы көп, соны да ұқтым.
Бақыты жанған өршіл еңбегіңнің,
Отанға ұсыныпсың сен де гүлін.
Өзіңдей орден таққан шопан жігіт,
Ардақты елімізде кем бе бүгін?!
Өмірдің өзің ғой деп шын адамын,
Есіме ырзалықпен мың аламын.
Жай шопан, ер еңбеккер сені ойласам,
Кеудемде бір керемет туады ағын.
Жүреді бұл өмірде жалығып кім?!
Бар алда арман шыңы, сан үміттің.
Келші бір, құшақтайын тасып тұрып,
Жан досым, мен өзіңді сағыппын.