12.07.2022
149

Кешегі ойын пәлесі
Қол көтермей сабаққа
Жұрттың бәрі қалмапты.
Оқымаған мен-ақ па?!
Қарай бердім жан-жаққа.
Дейсіздер ғой: «О несі?» –
Кешегі ойын пәлесі!
Қол көтерді-ау бәрі де,
Тіпті мына Тұрсын да.
Мен үнсізбін әлі де,
Бүйткен күнім құрсын да!
Дейсіздер ғой: «О несі?» –
Кешегі ойын пәлесі!
Шыдай алмай ақыры,
Қол көтердім, қомпидым.
Тақтаға апай шақырды,
Енді шындап шоңқидым!
Дейсіздер ғой: «О несі?» –
Кешегі ойын пәлесі!
«Апай-ау, – деп күрсіндім, –
Қол көтерген жоқ едім.
Бір кішкене Тұрсынды
Мазақтайын деп едім».
Дейсіздер ғой: «О несі?» –
Кешегі ойын пәлесі!
Тұра қалды шиырылып,
Екіліктің сойын-ай!
Мұны берген сый қылып,
Әй, кешегі ойын-ай!