ӨЛЕҢ-ОТ
Өмірде біздің өлең көп,
Бәрі де жақсы, бәрі де.
Бірақ та осы өлең-от
Бәріне ыстық, бәріне.
...Қаралы түн тырс етпей,
Түнеріп тұрды тас құрсау.
Жас гүлге жарық көрсетпей,
Аранын ашты қасқыр жау.
Еркесі еді-ау елінің,
Көгершіні еді көгінің.
Жатыр Мұса түрмеде,
Аққуы еді көлінің.
Кішкентай-ақ жасынан,
Жырға жаны құмар-ды.
Қанатты күй мен асыл ән
Кеудесін сырға суарды.
Елінің сөйткен ардағын,
Қамауға алды фашист.
Тағы да көрер бар ма күн
Жағасын Еділ хош иіс?!
Еркін жұлдыз көктегі,
Жымыңда оған, күл тағы.
Қайта кел, өмір көктемі,
Төгілсін шалқар жыр тағы.
Елінің асқар таулары,
Көз алдына көлбеші.
Елінің байтақ орманы,
Ән айтып, оны тербеші.
Еділдің ерке самалы,
Желпіп бір өтер болсайшы.
Қаумалап апа, аға, іні,
Ертіп бір кетер болсайшы.
Елімнің мөлдір аспаны,
Жайнашы тағы төбемде.
Қайтеді ол басқаны,
Сол ғой арқау өлеңге.
Тас құрсау жатыр тарлық қып,
Еркелеп өскен жүрекке.
Жауыздық ылғи жарлық қып,
Алар ма ұстай түнекте?!
Жүрегі алып Мұсаның,
Тас молаға сыймады.
Айқара ашып құшағын,
Отаны жалын сыйлады.
Жүрегі шықты өлең боп,
Тас құрсау қалды быт та-шыт.
Жарқылдап жүрді өлең-от,
Нажағаймен жұптасып.
Өлең-от жетті еліне,
Ұшқын атты, сөнбеді.
Қайта қонды көліне,
Аққу үні сембеді.
Аспанымыз ардақты,
Шалқып жүрген өлең-жыр.
Қайғының ізі қалмапты,
Бақытты жандар кілең бір.
Өмірде біздің өлең көп,
Бәрі де жақсы, бәрі де.
Осынау бірақ өлең-от
Бәріне ыстық, бәріне!