12.07.2022
104
Көңілде күдік, көп ойлар...
Көңілде күдік, көп ойлар,
Көңілсіз жүрмін, қалқажан.
Жайым жоқ қазір көп ойнар,
Көп үнсіз жүрмін, қалқажан.
Көгілдір бұлт елжіреп,
Құшаққа Айды алатын.
Сытылып Ай, тек жүдеп,
Қаралы бұлт қалатын.
Көкте бұлт жайса құшағын,
Айына көңілі аңсаған.
Жерде соған ұқсадым,
Құшақты жайып мен саған.
Қасыма кел де жай күліп,
Сыйлашы жалын жаныма.
Жүректе жүр ғой қайғы-ілік,
Қайғысыз етші тағы да.
Ойымда жалғыз бір тілек,
Өзіңсің, өзің, қалқажан.
Өзіңсіз қалай күлкі кеп,
Өзіңсіз қалай жай табам?!