12.07.2022
115
О, шіркін, жас жүрекке сыя ма мұң...
О, шіркін, жас жүрекке сыя ма мұң,
Тұрғанда нұрын шашып қияда Күн?!
Кейбір сәт сені ойлап кірбің тартсам,
Қаламым қиялыма құяды ағын.
Жүргем жоқ құр көңілдің ермегіне,
Арманның өрмелеймін күнде өріне.
Өтуде ұйқы азабы, күн аптабы,
Өмірдің қиындықсыз бермегі не?!
Шалқимын шат күлкілі достарыммен,
Мен сауық құрушы едім басқа кіммен?!
Сөйтсем де, жүрегімнен әлдебіреу
«Ол қайда?» деп сұрайды асқақ үнмен.
Емес ем өзіңменен сыр алысқан,
Тек менің көңілім ғой алып ұшқан.
Сүйген жан, қалқатайым, сенің бейнең,
Шақырып тек өзіне тұр алыстан.
О, шіркін, жас жүрекке сия ма мұң,
Тұрғанда нұрын төгіп қияда Күн?!
Сені ойлап, өзің жоқта жабықсам да,
Мұңды ғып жыр жазуға ұяламын