12.07.2022
136
АҚ ЖАЙЫҚ
Ақ Жайық, жағаң көркем, суың балдай,
Мен саған қарай алман құмарланбай.
Ақ шағыл құмды жерден келсем-дағы,
Боламын дәл өзіңде туған жандай.
Қарсы алдың жатырқамай, жайраң күліп,
Таныдың құмарымды қайдан біліп?!
Ақ Жайық, менде де бар өшпес күлкі,
Көргем жоқ оттан ығып, жайдан бұғып.
Ақ Жайық, аялай бер, мен де еркеңмін,
Мінеки, жас талыңдай жыр көтердім.
Жарқылдап шат күлкімен сенде жүріп,
Күндерін қарсылайын нұрлы ертеңнің!