12.07.2022
439
ҚҰРМАНҒАЗЫ
О, дана! Күй атасы – Құрманғазы!
Күйшінің саған соқпас бар ма лажы?!
Буалдыр сонау көне заманыңнан
Күңіреніп келіп жетті күйдің сазы.
Толқынды, аласұрған «Көбік шашқан»,
Көңілдің жүйрігіндей алып қашқан.
Кезіңді көріп тұрмын, көз алдымда
Қиналған, күңіренген «Кісен ашқан».
Айбынды «Сарыарқаңыз» дабыл салған,
Өр дауыс, асқақ арман топты жарған.
Бір кезде аңсағаның алдан шығып,
Бұл күнде көкке өрлеп, қанат жайған.
Күйші ата! Ұмытқан жоқ сені халқың,
Сен жүрсің бізбен бірге, әлі барсың.
Шалып жүр шын жанымен, ырғағымен,
Күйіңді «Балбырауын» жастар жарқын!