12.07.2022
  140


Автор: Жасұлан СЕРІК

Ниет сүйреп алысқа көш кемені...

Ниет сүйреп алысқа көш кемені,
Кездесіп бір керемет кеште әдемі.
Екеуміз ессіздікпен сырласқанбыз,
Жасырмай ешнәрсені, ештеңені.
Сетінеп сені көріп сынық мұңым,
Сезімнің кереметін шын ұқтырдың.
Арамызды жалғаған мәңгілікке,
Байқашы, үзіп алма үміт жібін.
Үміт – арман алдамас сенсе кімді,
(Сұлу қыз-ау, әлемде ең сүйкімді).
Мен де жалғыз боп шықтым сен секілді,
Сен де жалғыз боп шықтың мен секілді.
Танытқан екеумізге шырай қабақ,
Сансыз мадақ болсыншы Құдайға нақ.
Тағдырдың жазуына қарасайшы,
Бір-бірімізді ұнаттық құлай қалап.
Шертіп жүрген талайдың шекесінен,
Бақыт таппақ ақ адал некесінен.
Сөйлескенін сол ару білмей кетті-ау,
Болашақ бөпесінің әкесімен..





Пікір жазу