12.07.2022
  75


Автор: Жасұлан СЕРІК

Салатын кешке сызылтып тәтті әнім бе едің?

Салатын кешке сызылтып тәтті әнім бе едің?
Арайлап күліп ататын ақ таңым бе едің?
Жүрегіме келіп жүргізші өз билігіңді,
Тілегі нұрлы, ары пәк аппағым менің.
Өміріме менің килігіп шатыспа деме,
Сезімді мынау мендегі уақытша деме.
Таңнан тұрам да күн шығар шығысқа емес,
Телміріп сонша қараймын батысқа неге?!
Жалғанға сенсіз, жарығым, сыймаймын, көресің,
Қуанышты емес қайғыны сыйлайды елесің.
Ұсынсам саған жанымның аппақ сезімін,
Сен мені неге, сәулем-ау, қинай бересің?!
Шерменде қылып сен мені қалдырдың мұңға,
Сені іздеп ойда сенімім қаңғырды қырға.
Қаламасаң да сүйемін өзіңді, жаным,
Бұйрығы шығар жазылған тағдырдың бұл да.





Пікір жазу