12.07.2022
189
Кешір, құрбым...
Кешір, құрбым,
Мен сорлының жан сырын несін білдің?
Жүрегіме жерлегем сезімімді,
Жетегінде жүрмін ғой жесір мұңның.
Кешір, гүлім,
Егесінен адасқан есім бүгін.
Бұ дүниеден жерініп о дүниеге,
Бара ма деп қорқамын көшім бұрын.
Кешір, қарғам,
Өңім түгіл түсімде есімді алған.
Сен кеткен соң қызықсыз боп барады,
Бес-ақ күндік ғұмырлы бесін жалған.
Кешір, жаным,
Ақталамын ақтарып несін бәрін.
Өзегінен тепкен кеп өз иесін,
Үмітімде білмессің өшім барын.
Кешір, Нұрым,
Болмап еді дәл мұндай шешім бұрын.
Өзіңдегі өзіме деген ыстық,
Махаббатты, айтсаңшы, өшірді кім?
Ойға баттым,
Қайда әкетіп барады тайғанап күн.
Періштесі-ау жанымның адал сүйген,
Пейіш жаққа кетер деп ойламаппын...