12.07.2022
  135


Автор: Жасұлан СЕРІК

Күнім менің...

Күнім менің...
Сені көріп сенделді мұңым керім.
Жұлынбаған, мөп-мөлдір шыққа толы,
Гүлім бе едің?..
Жүрегімді тұтқынға ап саған сенген,
Улай ме екен санамды шырын-демің?..
Бүгін менің...
Жаным менің...
Саған сөз де айта алмай жаңылды ерін.
Жанарымды алдайтын қолым жетпес,
Сағым бе едің?..
Он тоғыз жыл іздеген мына әлемнен,
Көктегі Алла берген бағым бе едің?..
Арым менің...
Тәттім менің,
Кеудемдегі сен келіп отты үрледің.
Аппақ ардай, жұпары жанды еліткен,
Ақ гүл ме едің?..
Тәңір өзі жаратқан маған арнап,
Тамшы бақты тірліктен таптым дедім.
Тектім менің...
Еркем менің...
Нәзік жібін жүректің сен тербедің.
Қыз-Жібек пен Баяндай тым қылықты,
Көркем бе едің?..
Өміріне өкпелі өлеңшіні,
Сен сезбейсің от қылып өртер лебің.
Еркем менің...
Теңім менің...
Шиедейін қызарған еріндерің.
Жанымдағы жарама өмір салған,
Емім бе едің?..
Ата-енесін құрметтер, жарын сүйген,
Атанасың, иншАлла, керім келін!
Үрім менің...





Пікір жазу