12.07.2022
  178


Автор: Жасұлан СЕРІК

Біз екеуміз

Біз екеуміз кездесетін көше – бұл,
Кездеспедік...
Өтті арада неше жыл?
Өшіргенмін үміт дейтін отымды,
Кешір уақыт!
Кешір мені!
Кеш өмір!
Біз екеуміз бас сұғатын ресторан,
Ресторанды арагідік еске алам.
Жылап келем...
Сені іздейді мұңайып,
Жалғыз қайың және анау ескі алаң.
Біз екеуміз сыр ашатын түн жырақ,
Сенсіз түндер үндемейді тұнжырап.
Ай күледі, жұлдыздар да сол қалып,
Енді қайтіп сырласпаймыз біз бірақ.
Біз екеуміз қыдыратын мына бақ,
(Алма талдар еді-ау, шіркін, тым абат).
Екеумізді жасырмайды бұтақтар,
Ай да бізге қарамайды сығалап.
Біз екеуміз серт байласқан қайың тал,
...Дәл жанында сұрап отыр қайыр шал.
Екеумізді ажыратып ен, келсе әлің,
Елесінен тағы бір рет айыршы ал!?..
Ей, Ажал...





Пікір жазу