12.07.2022
  104


Автор: Жасұлан СЕРІК

Қара қыз

Қара қыз...
Кәдімгі...
Мен оны сүйемін.
Ғашықпын шынымен.
Тек қана сол үшін күн болып күлімдеп, түн болып түрілем.
Жоқ...
Өңімде жоғалтып алғанмын,
Түсімде...
Мазасыз миымның ішінде
Көрем де жүгірем...
Жолымда сан түрлі сайтани ойларға сүрінем.
Сенемін,
Жетемін түбі мен!
Сен ғана!
Сен ғана...
Қара қыз, жабырқау жанымның жамалы,
Ерніңе жұлдыздан құлаған тәп-тәтті бал келіп тамады.
Бал сіңген еірніңді,
Мен емес сені алдап сайқал түн неліктен сорады?..
Қызғаныш – қаншықтың кесірі,
Ішімде қанжоса тырнақтың іздері қалады.
Өзіңнен алыста,
Мен жүрем ессіздік күй сыйлап,
Сен берген жауапсыз сезімнің шарабы...
Біз мүмкін...
Мүмкін біз кездесіп қаламыз,
Қорқам...
Сен – Күнсің!
Мен – Аймын!
Тым алшақ өйткені, арамыз.
Қараймын...
Сен келер жолдарға,
Кім білер?..
Біріміз бірімізді
Әйтеуір табармыз!..
Әлде,
Ескірген
Уақыттың сарғайған парағы болып-ақ қалармыз...
Мен,
Сонда да бақыттымын!
Өзіңді сүйгенім үшін де,
Ей, қиялымдағы, Қара қыз!..





Пікір жазу