12.07.2022
  119


Автор: Жасұлан СЕРІК

Бірге өткен күндерім –

Бірге өткен күндерім –
Ертегі тым қызық өмірден үзінді,
Басқаға болсақ деп ойлаушы ек біз үлгі.
Сендегі пәктіктің қыл жібі,
Өзіме жетпей-ақ үзілді.
Мен сені кешпеймін,
Сондықтан өлердей өзіңді жек көрем,
Біліп жүр, мен үшін өліксің, жоқ көрем.
Көзіме көрінбе, өтінем,
Аулақ жүр алыстап тек менен.
Ол рас, мойындаймын,
Әдемі ақ жүзің керемет көркем ең,
Жанымды, тәнімді жалын қып өртеп ең.
Ерініңнен дәм татқан, дәл қазір,
Білмессің, өзімнен жиіркенем.
Санамнан жоғалшы,
Неліктен сырымды, мұңымды ұрлайсың?
Желге ұшып кететін тұрақсыз құмдайсың.
Кірпіктен үзілген тамшы боп,
Көзімнің жасына тұрмайсың.
Сенсіз де шырқайды,
Мен сүйген әуенді көңілдің ән құсы,
Бұл саған арналған жырымның соңғысы.
Білмедім,
Мендегі ғашықтық сезімнің,
Кімге екен қарғысы?!





Пікір жазу