12.07.2022
  121


Автор: Жасұлан СЕРІК

Сүйдім

Сөзіңді сүйдім сырмақтай сырып бастаған,
Әйтеуір, білмен, жылы сөзіңе мастанам.
Барлық сырымды ақтарып салғым келеді-ақ,
Мен, бірақ, сенен шынына керек жасқанам.
Жүзіңді сүйдім алмадайын-ақ қызарған,
Алманы кімдер рұқсатын алмай үзе алған?
Ақ жүрегіме айдайын нұрын шашсыншы,
Көкірегіңдегі гүл атқан жаңа қыз-арман.
Шашыңды сүйдім аумаған бейне толқыннан,
Иіліп келіп екі иығыңа артылған.
Бек бұйраланған шашыңа, шіркін, сыйыпты-ау,
Мен шын бір сүйген болмысы бөлек бар тұлғаң.
Көзіңді сүйдім нұрланып маған қараған,
Кеудемді білсең, қос жанарың ғой тонаған.
Мен асылында бақытты екем қарағым,
Көз тастап сенің бір қарауыңа жараған.
Өзіңді сүйдім...
Бірақ...





Пікір жазу