12.07.2022
138
Мені де аңса...
Сүрініп кетіп құлағанымда
Өмірге налып жылағанымда
Қалып қойғанда мұң аралында
Сені аңсағанмын.
Сағым боп арман самсағанында
Қамалған сәтте қаншама мұңға
Қалжырап, құлап шаршағанымда
Сені аңсағанмын.
Өмірден түңіліп безінгенімде
Шерменде күйде көз ілгенімде
Фәнидің жалғанын сезінгенімде
Сені аңсағанмын.
Аяқты шынжыр тұсаулағанында
Құс болып көкке ұша алмағанымда
Үр қызын өңімде құша алмағанымда
Сені аңсағанмын.
Уайымнан моншақ тағынғаныңда
Құлықсыз күйге салынғаныңда
Сарылып күтіп сағынғаныңда
Мені де аңса...