12.07.2022
123
Сары қыз-ау...
Сары өріктей уылжып ең күздегі,
Бірақ, қолым бұтасынан үзбеді.
Қиялыма, шабытыма ақ қанат,
Бітіргендей құшақтағы қыз демі.
Сары күздей сағыныш ең сары орман,
Сап-сары алтын сағынышқа оранған.
Сары қыз-ау, дәл мендегі сағыныш,
Мына сенің сезіміңнен жаралған.
Жүрегіме қуат беріп мың үміт,
Мың үміттен үркек қайғым тығылып.
Сары қыз-ау, сары күннің нұрындай,
Таратқансың жүрегіме жылылық.
Көңілде мұз, ал, қабақта көк қырау,
Дегенім жоқ арманыма жеттім-ау.
Сары қауынның тілігіндей ерініңнен,
Сары қыз-ай, бір сүйе алмай кеттім-ау.