12.07.2022
  101


Автор: Жасұлан СЕРІК

Ұмытпассың

Қанша жанды ұнатсам да ғашық боп,
Бір өзіңе жетпейді екен бірақ та.
Қайран көңіл, қайран сезім, ғашықтық,
Жауап іздер көзіңдегі сұраққа.
Мінгесіп ап тұлпарына арманның,
Бірге жетсек қиялдаған бақытқа.
Құз-жарынан қағып алам жалғанның,
Абайсызда тайып кеткен уақытта.
Біреулерге сыры ішінде қамалсың,
Алынбайтын, ашылмайтын мәңгілік.
Мың құбылып өзгерсе де заман шын,
Мен өзіңді ұнатқанмын заңдылық.
Күңіренген қара түнек бақтарда,
Бек, қызарып атпас мүмкін құба таң.
Көңіліңе қаяу түскен шақтарда,
Самал болып әлди айтып жұбатам.
Бар жігіттің бар сырына қанық пе ең?
Өтінерім тек өзіңнен абайла.
Ақ жауынның тамшылары болып мен,
Шаштарыңнан иіскейін жарай ма?!
Сағыныштың сары алқасын тағынып,
Араларсың арманыңның аралын.
Бір өзіңді күтетұғын сағынып,
Мына мені ұмытпассың, қарағым.





Пікір жазу