12.07.2022
  98


Автор: Жасұлан СЕРІК

Өзіңе обалы...

Жүректе көп жара, мол қайғым,
Мен бірақ дәл ондай болмаймын.
Өкініп қалмасаң жарар ед,
Қолыңа қайтадан қонбаймын.
Сен мені жаныңмен түсінгін,
Бал емес уыңды ұсындың.
Бақ құсын орнаған басыңа,
Әй, бірақ, үркітіп ұшырдың.
Баласың,
Мен үшін сол қайғы,
Көрерсің,
Тағдырың алдайды.
Сен үшін мен – пенде, мен үшін –
дәл сендей өзге ешкім болмайды.
Су алып көңілде аралым,
Кінәні мен кімге тағамын?
Қасыңнан кеткенде қия алмай,
Жаутаңдап қалып ед жанарың.
Өмір – қарт сүйреткен таяғын,
Шынында мен сені аядым.
Кешегі бастаған сөзіңнің,
Үтірмен қойып ең аяғын.
Әлі де басқаға ұнарсың,
Біздегі бұл хәлді ұғарсың.
Мен тартқан азаптың кесірі,
Бір күні мені ойлап жыларсың.
Қарағым,
Бар шығар білгенің,
Сырласым, мұңдасым – жыр менің.
Ақынның жүрегі – шыныдан,
Жылатсаң, сынарын білмедің.
Таусылды ағаңның амалы,
Асқынттың жазылмас жараны.
Жүрегім қансырап жылап тұр,
Басқа емес...
Өзіңе обалы...





Пікір жазу