12.07.2022
  101


Автор: Жасұлан СЕРІК

Көз ілсем...

Көз ілсем,
Сен жайлы тым тәтті түс көрем,
Енді ұқтым, бала екем жел өкпе,
Емшегі шешенің аузынан түспеген.
Туған жер!
Мен саған жеткім кеп тезірек,
Отарбаларды,
Жиырма вагонымен қосып,
Сүйреп келемін «Сағыныш» – дейтін күшпенен.
Қаланың тым жұмбақ түндері
Күндері күңіреніп өтетін хас жауым, дұшпандай,
Ауасы тарылтып
Арылтып бақыттан жанымды қысқандай.
Аязы ақырып,
Шақырып қорқыныш мәхрүк мыстандай.
Қанатым жоқ менің,
Туған жер!
Мен саған ұшып-ақ жетер ем құстардай.
Түсімде, ішінде қап қойып елестің,
Белгісіз, сенгісіз,
Миымның төрінде көз ілген сезіммен егестім.
Жан-жақтан жұлмалап,
Қу тірлік оятқан ойларға арбалып,
Жүрсемде мен сені есімнен шығарған емеспін.
Туған жер!
Ал мұнда,
Дәл сендей шашымнан иіскеп,
Басымнан сипаған жоқ әлі мені ешкім!
Терезе ар жағы тас-түнек қараңғы,
Нұр емес мұң сыйлап,
Жасқантып жанарды.
Жұпарлы жусанның иісі,
Мұрынды жарады, дел-сал қып санамды.
Ұшырып кеудеден,
Шөлдеген тек саған сан әнді.
Туған жер!
Бауырыңа басшы бір,
Сені аңсап, сағынған балаңды!





Пікір жазу