Арсыздың күнін арыңды былғап тойлама!
Бұрын қандай ең, қазағым, айтшы, затың кім?
Ұлысы болған иманды ақын-батырдың.
Ал бүгін елім шайтани іске шатылдың.
Қасиетсіз күнін мереке қылып кәпірдің,
Біріңді-біріңді күнә жолына шақырдың.
Үйдегі барлық үлкен-кішіге сый адам,
Жеңгеме сый қып дәл осы күні кей ағам.
Үлгісі болар балапанға ұшар ұядан.
Ақ махаббаттың құрбаны болған кешегі,
Қыз-Жібек, Баян әруақтарынан ұялам.
Тәрбие болған жалғасып келген ғасырдан,
Қылықтыларым сезімін жұрттан жасырған.
Ал бүгін, елім, некесіз ары ашылған.
Ұл менен қызың ұялмай үлкен-кішіден,
Көшені кезіп біріне-бірі асылған.
Қызыңда қазір қызығатұғын жоқ қылық,
Ұлдарың – қанден, бөрі емес қарар көкке ұлып.
Жүректен өшкен бабадан қалған оттылық.
Некесіз туған, күнәға батқан ұрпақтан,
Қателік болар табылар деуің тектілік.
Күздей қып сорып солдыратұғын көктемді,
Көктемнен қалған қуаныш па екен көп белгі?
Мұсылман деген кәпірдің ісін жек көрді.
Арсыздың күнін арыңды былғап тойлама,
Жастарым менің ойланатұғын шақ келді!