Адам болып келгеннен соң жалғанға..
Адам болып келгеннен соң жалғанға,
Адам болып кеткенің жөн кетерде.
Пендешілік сайтан іске алданба,
Онда, достым, өмір сүрдің бекерге.
Өмір осы ақ-қарадан тұратын,
Қуантады, кейді өксікпен жылатар.
Өмір – осы босаңсысаң жығатын,
Кейде сені шалып қалып құлатар.
Ең бастысы, мейірімді бол адамға,
Тарата біл бар әлемге жылылық.
Адамшылдық қымбат маған, саған да,
Бар уақытта болар оның құны нық.
Ал, екінші, құрметтей біл кісіні,
Инабатың білінсінші ісіңнен.
Кішкентай деп соға көрме кішіні,
Жақсы кісі барлық жайды түсінген.
Үшіншісі, адал болғын досыңа,
Сатып кетпе қиыншылық шақтарда.
Досың түгіл адал болсаң қасыңа,
Сенің адал көңіліңе тоқтар ма?!
Төртіншісі, жаманшылық дегенді,
Туған түгіл тілемегін пендеге.
Азаматтар білсін, достым, өреңді,
Жақсылығың көмек етер көрде де.
Бесіншісі, келгенінше шамаңның,
Көмек еткін міскіндерге елдегі.
«Жәннәт» – деген үлкен, биік қамалдың,
Кілті болар жақсы амалың сендегі.
Ере көрме шайтан – иттің сөзіне,
Тозақ болар ертеңдері айыбың.
...Адам түгіл құмырсқаның өзіне,
Жақсылық ет, Алла берер қайырын!