12.07.2022
  130


Автор: Жасұлан СЕРІК

Дұшпандарыма ода

Мені түсінбейсіңдер,
Жалықтым,
Сайқалдық бетперделерің.
Аяғымнан шаласыңдар кеп,
Бақытқа жеткенде менің.
Сайқал қыс жайлаған көкіректерің,
Білмейді-ау ертең көктем келерін!
Мені менсінбейсіңдер,
Күлесіңдер,
Есінен ауысқан ба деп.
Түк сезбес ақымақ дейсіңдер,
Басынан бақ ұшқан ба деп.
Сендердей жыламап едім,
Денемді күл-талқан қылып,
Пышағын тағдыр шанышқанда кеп!
Мені ұға алмайсыңдар,
Шаршадым,
Жағымпаз мақтауларыңнан.
Көңіл көзіндегі қарашық
Қаншама қасірет әкелсеңдер де,
Күдер үзгем жоқ ақ таңдарымнан.
Жаратқан Аллам демеушім болып,
Айыра көрме тәтті арманымнан!
Мені жылатасыңдар,
Көлгірсіп,
Алдамшылықпен жұбатқан болып.
Қаншама иттік жасасаңдар да,
Жүрегім тұрар шуаққа толып.
Сендер өлгенде мен тірі болам,
Жақсы істеріммен, бірақ та, соны ұқ!
Мені мұңайтасыңдар,
Сезем,
Дос болып көрінгендеріңмен.
Жанымды жаураттыңдар ғой,
Шуақ боп төгілгендеріңмен.
Қайсарлықпенен қарсы тұрамын,
Айыра алмассыңдар сенімдерімнен!
Айыра алмассыңдар сезімдерімнен!





Пікір жазу