12.07.2022
  113


Автор: Жасұлан СЕРІК

Анама

1
Түсімде сізді көрем...
Білмедім не екенін,
Далада оранған ақ қарға.
Сіз келіп оянып кетемін,
Шашымнан иіскеп жатқанда.
Апатай!
Сағындым...
Өзіңді езіліп қу кеудем,
Кей кезде жастанып жанарым.
Жалықтым қызықсыз күндерден.
Білген бе ем дәл бұлай боларын,
Қасыңа тез жеткім келеді,
Сол ғана арманы балаңның.
Апашым, қасыңнан...
Неліктен кетті екем жырақтап,
Шешімі ақымақ басымның.
Кеудемде жауапсыз сұрақ қап,
Санамды тонайды тосын мұң.
Жыласам...
Өзіңдей кім мені жұбатпақ,
Жалғыздық – досым бұл!
Көңіл көзіндегі қарашық
Жылағым келеді...
«Жігіттер жыламас!», – деуші едің,
Сондықтан шығарман жасымды.
Апатай, мен сенің,
Өң емес түсімде естимін дауысыңды.
Тіршілік...
Төменге тартқылап еңсемді,
Амалым таусылды...
Өмір-ай, қаталсың...
Қинайсың тепкілеп өкпемнен,
Тарылды-ау тынысым.
Армандап бұл жаққа жеткенмен,
Көп болған сенделіп жүрісім.
Астана...
Сәулетің болғанмен,
Ғимарат сарайлар көк керген.
Білмедім кім үшін...
Ауылға қайтамын...
Құрысын...
2
Мен сізді сағындым...
Жүрегім езіліп кетеді ойласам сізді мен,
Жаныма мұң үйіп қойғандай күз күрең.
Бұл жақта дәл сіздей сүймейді мені ешкім,
Жанымды түсінер жан іздеп жолдарға үздігем.
Айлығы жететін шайлыққа,
Басында үйі бар, күйі бар,
Бұл жердің жұртынан жүз есе бақытты біздің ел.
Мен сізді сағындым...
Түсіме енесіз жабырқау жанымды жұбатып,
Ия, солай,
Қап-қара қаланы жүргенім шамалы ұнатып.
Ал мұнда ардың да бағасы көк тиын,
Абыройға апармас адасқан әңгүдік уақыт.
Мүшесі бола алмай миымды мезі еткен қоғамның,
Жапырағы сарғайған сары емен секілді тоналдым.
Қабағын бағумен күн кешіп келемін амалсыз,
Сөздері жаныма бататын жындылау ағамның.
Үмітім жемтігі болғалы мұңымның,
Көп болған, армандау дегенді доғардым.
Аттанған сияқты ем төңкеріп тастардай ілімді,
Дәрменсіз мақсатым амалсыз тіршілік түбіне тығылды.
Нұрағам басқарған құраған дәл мендей жастары қаладан,
Ақтарар жан таппай сенделдім сырым мен мұңымды.
Ескекті қайығын шайқаған өмірдің толқыны,
Есейтіп жіберді есті қып еркелеу ұлыңды.
Безбүйрек ортама безбенді жырларым сала алмай бекініс,
Өзекті өртейді жанымды жегідей үгіткен өкініш.
Құшақтап жанардан көз жасым сорғалап
жылайын армансыз,
Апатай...
Дәл бүгін түсіме тағы да бір еніп кетіңіз...
Өтініш...
Көңіл көзіндегі қарашық
3
Еңсесін тіктеп ержетті бүгін,
Таянып бесік тербеткен балаң.
Өзіңнен артық білмеппін бұрын,
Қымбатты жоғын жер-көкте маған.
Шашыңның ағы – шашылған ғұмыр,
Куәсі болған өткен күндердің.
Көзіңнен сенің жасырған сырын,
Көремін, ана, көктемнің нұрын.
Өлеңді сүйген еркелеу ұлың,
Тербетті әнмен туған даласын.
Қамшының сабы келтелеу ғұмыр,
Қызықты болмақ сен барда, анашым.
Күлкіңде жаздың шуағы керім,
Күрсіністерің тым ауыр, неге?
Өткенін көріп мына күндердің,
Ұлыңды ойлап жыладым деме.
Бәрі де жақсы, уайымдамашы,
(Алқасын мұңның тағынып көп күн).
...Түсімде көрдім, жаным, анашым,
Мен сені қатты сағынып кеттім...
Ана...
4
Адаммын деп мен несіне мақтанам,
Бір ісім жоқ үмітіңді ақтаған.
Кешір, апа-ау, біле алмадым мен неге?
Ақылды емес, ақылсыз ұл боп барам.
Елеңдейсің қабағымда болса мұң,
Қуып жүрмін пайдасы жоқ бал сағым.
Осы жасқа келгенімше, білмедім,
Жанарыңа түсірді екем қанша әжім?
Өтер жылдар, өтер айлар, өтер күн,
Ал мен қалай парызымды өтермін?
Ойлап тұрсам жүзіңдегі әжімнің,
Біріне де татымайды екенмін!
5
Кеселім бар кеудемде күз күрең мұң,
Күз күрең мұң – келбеті біздің елдің.
Маңдайымнын иіскедің «құлыным» деп,
Кеше, ана, түсімде сізді көрдім.
Өмір – жолда үмітім шашылып бар,
Жинай алмай отырмын жасырып қар.
Қалың қайғы іздеп жүр мына мені,
Құшағыңа ал, ана, жасырып қал.
Балғын шақты тым мұңсыз аңсап көп күн,
Аңдамай не екенін алшақтықтың.
Кешір, ана-ау, төзімім тозып бітті,
Қаладан қайыры жоқ шаршап кеттім!
Ана...





Пікір жазу