12.07.2022
  141


Автор: Ғали Орманов

КҮМІС ШЫБЫҚ, ГҮЛ – САМАЛ

Бұл суретті жасымда
Көруші едім тауда мен.
Самал жұтып қасында,
Көк майсаға аунар ем.
Секіргенде биіктен
Талып жеткен ойға əрең;
Тамшыларын бүріккен
Тамашалап ойнар ем.
Бірақ адам қолынан
Келмейді деп ойлар ем.
Сағым сынып соңынан,
Оралушы ем қойға мен.
Алматыға келіпті ол,
Əлдеқайдан жалғасып.
Қаламызға көрік сол,
Самалына жан асық.
Жер тынысы секілді
Бір өрбіп, бір басылып;
Меруерт, моншақ не түрлі
Төгіледі асығып.
Жəне ұқсайды шапаққа
Желсіз күнгі тынықта;
Əлде өңкей зер шашақ па?
Əлде күміс шыбық па?
Кейде маздап тұрысы
(Көрген шығар жұрт, сірə),
Сан құбылған шынысы
Секілді əсем люстра.
Күнде барам мен оған,
Кім баруға қызықпас!
Самалында дем алған
Гүл мен адам тым ұқсас...
Көңілі мəз қасында,
Балалар жүр құлдырап;
Күлкілері қосыла
Құйылады сылдырап.
Гүл-мəуеге тоғылған
Колонналы зəулім үй,
Секілді о да шомылған
Шашырата соны ылғи.
Суды таудан əкелген
Сүйсінесің өнерге.
Күміс баулар көтерген
Көп риза шеберге!
Көңіл күйі көгінде
Күнде соның жүр шалқып.
Жаным тосып лебіне,
Бір сімірем, бір балқып!..





Пікір жазу