12.07.2022
  230


Автор: Ғали Орманов

ЖЕТІСУ ЖОЛЫНДА

Қызыға тағы оралдым,
Жетісу, сенің өлкеңе.
Балауса түрі тым балғын
Көрінеді ыстық əр төбе.
Өзендер өткен өңірлер
Əшекей өрнек, шым кесте.
Жаңартқан жерді сол бір ел
Жырымдай жақсы қалды есте.
Оранып торғын мұнарға
Биіктер жатыр көлденең.
Сүйсінем қатты соларға
Құты деп жердің көлбеген.
Жапсырған тауға жамаудай
Қараймын қилы құзыңа.
Шағыла күнге жалаудай,
Шомылған кешке қызылға,
Тұрпаты темір шегедей
Сүйемін Желдіқараңды;
Қасқарған қара кемедей
Қайыспай желге заманғы.
Тауыңнан бекем келбеті
Танимын талай адамды;
Толқынша жаба төңіректі
Толтырған малға далаңды.
Жеріңді қайта жаратқан
Білемін жəне осылар.
Ортаңа жиі оралтқан
Мені де сірə сол шығар!





Пікір жазу