12.07.2022
  165


Автор: Ғали Орманов

АЛТЫН ТАУЛАР АЙМАҒЫ

Жерімізге көз жіберсек,
Ойлана бір, дос-жарандар.
Жаңа сурет ірі, кесек
Жатыр онда жан таңғалар.
Ұқсайды ырыс қоймасына
Ұлан-байтақ кең өлкеміз,
Құйылғандай бейне осында
Көлбей жатқан нелер теңіз.
Өміріңше естен қалмас,
Сол суретті көрсең егер:
Жер бетіне жоны жалғас
Орнады алтын тау, төбелер.
Қарайды оған асқар тау да,
Алдына əкеп тартқан сонша –
Тағам толы дастарқанға
Таңырқаған тосын қартша.
Ерлерге ол түсті ме оңай
Жүрген соның өңірінде!
Жаңа роман жатыр талай
Ел мен ердің өмірінде...
Өнері үлгі небір шебер,
От жігерлі не қыршындар,
Аңызға арқау небір ерлер
Арасында жүрген шығар!
Не жауында, ыстық күнде
Көрді ме олар үйде жатып!
Жұлдыз шамдар жақты түнде
Жүргендей-ақ жерді оятып.
Еңбегімен əлем жүзін
Ерлер тағы таңырқатты.
Сүйікті Отан, қабылда өзің,
Елім тартқан миллиардты!





Пікір жазу