12.07.2022
  130


Автор: Ғали Орманов

ЖЫРАҚТАҒЫ БІР ШЫРАҚ

Шекара іші бейтаныс
Бұлыңғыр түнде тұнжырап;
Жарысып жақын, кейде алыс
Тартады көзді бір шырақ.
Сұраймын ептеп шам жайын
Қасымда қанық досымнан.
Жерінің түйгем ыңғайын,
Көрінген елсіз осы маң.
Қарайды үнсіз ол-дағы
Қалтырай жанған шыраққа.
Жауабы кенет сондағы
Тиеді жылы құлаққа:
– Өрмегін тартты темір жол,
Өрнектеп осы өлкені.
Тиеле кенге келді қол,
Теңесек бұл бір ертегі...
Ағыта жігіт шертеді
Асыл деп түгел бұл өңір.
Елестеп көзге кетеді
Алдыңда қызық бір өмір.
Жылыстап Тоқа маңынан
Жылжыған сайын жыраққа,
Алыста əлі шалынған
Қарайсың əлгі шыраққа...





Пікір жазу