МАЛШЫ АУЫЛДЫҢ МЕКЕНІ
Дүйім бала дуылдайды беткейде.
Жамырайды:
– Жолды босат! –
деп кейде.
Қайран жастық қарлы аязды маздатқан,
Қайда көрсең, жаныңды қош етпей ме!
Бала, сірə, өз мекенін шет дей ме?
Сол мінезі көңіл күйін шертпей ме!
Мейлі қала,
Мейлі дала тұрағы,
Заман нұры бəріне ортақ жетпей ме!
Бұл бір қиыр, қалың бұйра құм іші,
Түгел жым-жырт сырт көргенге тұрысы.
Күллі Отанмен бірге аспанды жамылған
Сол құмның да жыр сықылды тынысы.
Өркеш-өркеш шөгіп жатыр тау құмдар.
Кейде тақыр, нар сықылды шағылдар,
Қойнаулары қойға толы – құт мекен,
Былбырап тұр қары еріген қағылдар.
Құм қырқада қойшы көрдім тотыққан,
Жоқ деседі қыста жемтік шоқытқан!..
Алдындағы ақ маржан-қой ажары
Қойшы сырын айтқызбай-ақ оқытқан.
Төбесінде төне қарап тұр аспан;
Төңірегі көкжиекке ұласқан.
Сол арқылы не Москва, не Алматы
Қойшылармен сымсыз жалғап сырласқан.
Осы құмның ортасында Қақпақты.
Өткен күннен жалғыз жиде сақтапты.
Мұжық күмбез, жайдақ құдық тартты бар,
Өзгелерін жыл керуені таптапты...
Сол Қақпақты кəзір құмда орталық
Өттім мен де ұзақ сонда тоқталып.
Кей суреті көңіліңе ұялап,
Қайда жүрсең елестейді сонша анық.
Аппақ үйлер алқап іші самсаған.
Көз тоқтата көп қарайсың сен соған.
Бар бітімі жарасымды жапанға,
Жаңа қонған жыл құсына ұқсаған.
Дүйім бала дуылдайды беткейде,
Албыраған алма беті от бейне.
Тұрымтайша түйілісе ағады:
– Жолды босат!
– Қақтығасың! – деп кейде.
Бұлар кімдер? –
Балалары малшының.
Тəлімдері танытқандай бар сырын.
Белгі бере интернатқа тартты олар,
Құшақтаса киімдерін, қапшығын...
Күн кешкіре малшы аулы шам жақты.
Шалды нұры электрдің жан-жақты.
Самси жанған сонау мектеп шамындай,
Көңілімізді қоса бірге маздатты!