12.07.2022
  111


Автор: Ғали Орманов

ӨЛЕҢ ӨРІСІ

Əбеке, сіз бір бардыңыз
Осынау түзге қаладан;
Толғана сонда жаздыңыз
Құйылған балды даладан.
Жапанға тартқан қалың із
Керуендер екен шұбалған.
Суретін соның салдыңыз,
Бояуын тауып мың алуан.
Астықтар екен алдыңыз
Ағыл да тегіл қырды алған.
Ақындық жанмен салдыңыз
Əнін де əсем ырғалған.
Өкпелер жəне айттыңыз
Ақынға содан құр қалған.
Олжалар тиеп қайттыңыз
Өзіңіз барған бір жолдан...
Суреттер қазір жоқ ондай,
Қалыпты бəрін қар қымтап.
Əзірше жинап қойғандай,
Жабулы жатыр ол кітап.
Бəтеспен бəрін тыстаған
Басына қалың қар жастап,
Тынығар кез деп қыс маған,
Таулар да жатыр жамбастап.
Белдерді бірақ белдеулеп
Бульдозер өрген қар үйіп;
Байқаймын, сірə, сол еңбек
Жатыр ғой қыста бал жиып.
Жастарда дамыл жоқ титтей,
Жасқантар емес қалың қар.
Қыстағы қайрат жетілтпей,
Төгілсін қалай жазғы бал!
Жылыда, Əбе, келгенмен,
Батпапсыз қысқы суықта.
Ақынның жанын тербеген
Тоңазыр ма өлең жуықта?!
Аязда буы бұрқырап,
Қарулы жандар жүр мұнда.
Жатпауын білсін кім бірақ
Желісін жайып жырдың да?
Бермесін жердің, Əбеке,
Секілді сол жұрт іздеген.
Өмірі соның, əлбетте,
Ағыл да тегіл бізге өлең!..





Пікір жазу