12.07.2022
  169


Автор: Ғали Орманов

КІТАП

(Александр Пидсухаға)
Сұрадың сонша қолқалап,
Сұрадың кітап сен менен.
Қозғады мені сол талап,
Қолқаңды жөн бе бермеген?
Іздедім қызық кітапты,
Лайық көрсең бергелі.
Ақтардым күллі шкафты
Жинаулы тұрған төрдегі.
Жалғасып ойлар арқауы,
Ақыры таптым оны мен.
Өзіңе соны тартқалы,
Əкеттім Талғар жолымен.
Қадірлі достым көңіл ауған
Көрсін деп түгел заманды,
Өрнегі қызық мың алуан
Алдыңа жайдым даламды.
Қолымен көптің жазылған
Кестесі қилы бұл кітап.
Осында жыр мен қазынам,
Жалықпай өзің оқып бақ.
Сезілер бəлкім, саған бұл
Елімнің қымбат сөзіндей.
Жеткізбес оны шебер тіл,
Өзіңнің сірə көзіңдей.





Пікір жазу