ҚАҚПА АЛДЫНДА
Ташкенттің тұрмын шолып аэропортын,
Сықылды толасы жоқ ол бір толқын;
Порт алды сирей бере толады кеп
Самсаған самолетке оқтын-оқтын.
Тізіле көрінеді нелер түрі,
«ТУлар» тұр сүйір қанат, денелі, ірі.
Тұтқиыл тұрпатына таңырқатып
Тағы кеп қосылады дереу бірі.
Қарынсау шалынады кейде «Суфер»,
Кейі ала, кейі қылаң, кейі сұп-сұр.
Сып етіп кейбіреуі қонады кеп,
Сүп-сүйрік сырт бітімі бейне сұқсыр.
Тұлғасы бəрінен де өзге «ТУдың»,
Түріндей осы өнерді өзгертудің.
Жыл санап «Ил» мен «Ли» де асыл тартып,
Туындап өсіргендей нелер буын.
Бірі ұшып, біреулері жатыр қонып;
Қаптап жүр талайлары көкте толып,
Солардың орын жетпей, айналғаны –
Бір қызық ертегі екен тұрсаң шолып.
Өнердің өрісіне жер тар келіп
Жатқандай сезінесің, сырттан көріп.
Қарымды заманына жарасқандай,
Жаңа орын Ай, Жұлдыздан алсаң бөліп!.
Бір ғажап: адам селі тасығандай,
Қақпасы аспан-жердің ашылғандай.
Қарайсың құйып жатқан қалың жұртқа,
Аяулы арасында досың бардай...
Жалғасқан жол сілемі шар тарапқа,
Көз салсаң ағытылған алуан топқа:
Тілі өзге, түрі қилы сол жандардың
Легінен жыр төгіліп тұрған жоқ па?!
Биязы үн, əдепті сөз, əсем күлкі
Тиеді самалға ұсап саған тіпті!
Сездірмей соны жақын, тосаңсытып
Неге ұзақ жабылды екен заман кілті?
Көксеген көп ойлары көңілдегі
Тұрған бір жыр сықылды төгілгелі...
Ізеттің икемінен шыға алмапты,
Көзінен көрінгенмен, соның көбі.
Мейлі мен білмесем де тілін жетік,
Түсінбей, жіберсем де нелер кемтік,
Солардың жылы жүзі,
жыр лебізі
Кетеді жүрегімнің қылын шертіп...
Танимын түрінен-ақ талай жырын;
Жарқ еткен жанарынан шалам нұрын.
Төгілген торы жүзге толқын шаштар
Шертеді нелер елдің маған сырын.
Шуағы шырайында жылы күннің.
Шығарған сыртқа лебін шер мен мұңның.
Сан жұрттың сағынышты сезем сазын
Сырынан сыңғыраған əдемі үннің!
Көресің келбетті жан нелер мүсін,
Жетсе бір тілдесуге егер күшің,
Аулаққа аялап тек əкетер ең:
– Не деген əдемісіз!–демек үшін,
Еркінше байыр едің сен де өлеңге,
Көңілде қолқаң болмай одан өңге.
Дүниенің таңғажайып жырын теріп,
Кенелте тартар едің туған елге.
Іңкəрмін соған сонша мен, өз басым.
Өтті бос жырға толы нелер жасым.
Дүниені көкірегіме сыйғызбасам,
Неге сеп киген киім, жеген асым?
Əлемнің кетсем бекер түгін білмей,
Жұртты мен қоймас едім түңілдірмей!
Аш маған дүниенің бар есігін,
Кезейін, үйімде бос бір күн жүрмей.
Көрейін бар сəулетін жер бетінің;
Мұнар тау, бұраң өзен, өрнек құмын;
Теңіздің тулап жатқан үнін тыңдап,
Терейін жыр інжуін, көрмей тыным.
Тыңдайын əр тараптың əсем əнін,
Толқысын тамырымда əсерлі ағын;
Ел-елдің еміренген сырын ұғып,
Сезейін мəңгі бірге жасар жанын.
Сезейін оны жылы сөздерінен, –
Сыры жоқ жарастықтан өзге білген.
Сезейін лебі шалған қолдарынан,
Қараса, нұр төгілген көздерінен!
Жатқанмен жаңғырығып қылдар нəзік,
Мен оны бітірмеспін түгел жазып.
Соның бір жан сүйгенін тартсам болды,
Туған ел ете жүрер жылдарға азық!..
Осы оймен аэропортқа тұрмын қарап:
Құйылып жатыр оған күллі тарап.
Тоғысқан жұмыр жердің не қиыры,
Секілді сирексімес бұл бір торап.
Қараймын қанша соған, құмар қанбай,
Тебірене ылғи терең сыр алғандай.
Гулеген аула ішінде қызық тойға
Телміріп қақпа алдында тұрған жандай.
Десек бір еліміздің қақпасы оны,
Есіңде сен де, достым, сақта соны:
Саған ол сарқылмайтын жыр емес пе,
Жалғасып достарыңның жатса соңы!..