ДОС СЫЙЫ
Тамырлас, тағдыры бір дос екенбіз,
Бау-бағын, бар несібін қоса еккен біз.
Жалғамай жырымызда соны дəйім,
Жан-жақта неге сонша бос өткенбіз?
Жаралған жанымыз бір жар екенбіз.
Екі елге жайын ұқсақ жəне ерке біз.
Қосыла өмірді ортақ суреттемей,
Неліктен жыр өрісін тар еткенбіз?
Көрмегем неге бұрын Самарқанды?
Неге бір толғамағам Зарафшанды?
Өзбектің əуезімен Ұйғын, Ғұлам
Шертпеген неге менің Сарыарқамды?
Үйінен не көреді шықпаған жан?
Өзге озық деген сөздің бəрі оған шам.
Адырын Алатаудан биік дейді ол,
Не қорлық ұқсар болсақ біз де соған?
Көп екен бұл жағынан менде де айып.
Соны бір осы жолы өттім шайып.
Өзбектің көп кітабын оқығандай
Жерінен өлең-жырға қайттым байып.
Көрінді өз тауымдай маған Жизақ.
Бітімі бұж-бұж бұдыр тым қызық-ақ.
Тас қақпа тар аңғарда Темір баққан
Елестер көз алдымда жылдар ұзақ.
Əсем тау Аршалы, Ұрғыт, Аманқотан,
Олар да биігіне бұлттар тұтқан.
Қарт мұра Зарафшанның қабағында
Қаздиған қарауылдай кəрі шопан.
Осылай, еліміздің кең өлкесі
Секілді бір ағаштың көлеңкесі.
Соның біз саясында сырлар шертсек,
Екі елдің емеспіз бе телі еркесі!