12.07.2022
118

ШӨЛДЕГІ ШАПАҚ
Жапанда кешке лаулаған
Қып-қызыл жалын от па екен?
Шашырап күннің əлде оған
Ұшқыны түскен жоқ па екен?
Шаңытқан жүзі, қуаң түз,
Жасырған сырын жантаққа,
Аңласаң қазір ол нағыз
Ұқсайды тұтас шапаққа.
Өмірдің отын осынша
Сыйғызып қайда ол жатты екен?
Тамызып соны досынша,
Маздата кімдер жақты екен?
Көгалға жерін ораған
Көресің жұртты сен ыңғай.
Түрленте түзге қадаған
Гүлдері қызыл шоғындай.
Алапты түгел тоғытып
Шалқиды мəуе не түрлі.
Бетпақты соған шомылтып
Жасартып жатқан секілді..