АСҚАДАҒЫ АРУ
Бұл өзі ертегі де, аңыз да емес,
Желп етер жеңіл сөзге шағым да емес.
Самалы шалып өткен өткіншідей,
Есімнен кетпейді бір балғын елес.
Аулақта əлдеқалай көрдім оны,
Асқарды аралаған соңғы жолы.
Көркіне көзі тоймай мың қараса,
Мүсінін жасар екен кімнің қолы?
Сескене, сəл қаймығып кірсе күліп,
Кеткендей көңілдегі бұлт сөгіліп.
Жараса пəк жүзіне қылаңытып
Бір сəуле шырайынан тұр төгіліп.
Қиылған күлкі сақтап қас пен көзі,
Күмістей сыңғырайды əсем сөзі.
Сағымдай сылаң басқан жүрісі ме,
Əйтеуір көңіліңе əсерлі өзі.
Оны мен түсім бе əлде, шын көрдім бе?
Көркіне жуыспайды бұл жер мүлде.
Жаңылып жаратылыс жазатайым
Жабулы жартасты ашып жіберді ме?
Жүрді екен оны қалай ешкім көрмей?
Өтті ме, жерін көріп, көңіл бөлмей?
Тартынып көрсетуден жүрді ме əлде,
Табиғат өз көзіне өзі сенбей?
Немесе қызғанды ма оны жұрттан,
Шалдырмай жан көзіне, бағып сырттан?
Осылай Асқада ару өсті ме екен
Шынардай шың ішіне жалғыз шыққан?
Жатады солай жабық асыл кейде,
Жан баспас қиын-қыспақ тас күңгейде...
Аруды Асқадағы есіңе алсаң,
Өмірі əзірше оның осы бейне!
Мен оның айтпасам да атап атын,
Жырыма ол тигізеді шапағатын.
Көгінде көңілімнің көрем ылғи
Шарықтап шапшаң қаққан ақ қанатын!..