12.07.2022
  103


Автор: Ғали Орманов

АҚЫН ДОСЫМЫЗҒА

Ардақты Аалы досымыз,
Алпысқа толған тойыңда,
Тұлғаңнан танып отырмыз
Тұрғанын жастық бойыңда.
Қиядан ұшқан қырандай,
Қиырға талмас қияқты,
Қарармыз қалай қуанбай,
Қалпыңа жігіт сияқты.
Өмірің үлгі өренге,
Өрісі толы өлең, жыр.
Сүйдірген осы сені елге,
Қажымас қайрат берер бұл!
Қанаттас қырғыз, қазақта
Қызықпас саған əлі кім?
Сілтер деп талмай ұзаққа,
Сенеді қазақ аға, інің.
Қартаяр қақың жоқ сенің,
Халқыңа қайрат, сүйеусің.
Қарызың əлі көп сенің,
Қазаққа жəне күйеусің!
Тойыңда жаран жиылған
Кигізіп шапан, бөркімен,
Мөлдіреп мұрты қиылған
Көрейік жігіт көркіңнен.
Тілейміз, Аалы, біз саған
Қартаймас жастық, жаны бай,
Масайрап төрін күн шалған
Қырғыздың балғын тауындай!





Пікір жазу