12.07.2022
  76


Автор: Ғали Орманов

ШЕГІ ЖОҚ

Шекарасы қайсы əлі,
Қатар жатқан екі елдің?
Құлпырған көк майсалы
Бəрі өзіңнің мекенің.
Бұрқырайды бірге аңқып
Гүл мəуенің исі де.
Сен де бəрін құмартып
Сіміресің сүйсіне.
Бар бітімі сабақтас,
Байыптасаң сəл тоқтап:
Аттары да тым ұқсас
Əлде Қасық, не Тоқпақ.
Шудан бірге ішеміз
Қасықпен де Шөмішпен
Сусыны бір көшеміз
Жар секілді өбіскен.
Көлеңкесін ағаштың
Қатар тұрып жамылған,
Сол бір қимас жарастық
Шығар емес жадымнан.
Қырғыздарға өзім де,
Қонақпын ғой десем де,
Араласқан кезімде
Еркелеймін осы елге...
Күнде жарар керекке,
Ол бір дүние шегі жоқ.
Шын сүйіскен жүрекке
Өзге жолдың себі жоқ!..





Пікір жазу