12.07.2022
  111


Автор: Ғали Орманов

АУЫЛ АРАСЫНДА

Адырларды сілкілеп
Азынаған ақ боран,
Арпалысы əлсіреп
Кезі еді сəл тоқтаған.
Шаналарды жай бұрып,
Қарда қалқи жөнелдік.
Кілең семіз сəйгүлік
Кідірмейді елең ғып.
Жел қайраған қар беті
Орай-орай көп өрнек.
Сонша қилы суретті
Қалай салған бедерлеп!
Қарға бірақ қарай ма,
Қарулы аттар күші артық.
Қалады тек маңайда,
Тер, қайыстың иісі аңқып.
Тайпалады қос қоңыр
Сұлу ұстап бастарын.
Жентек-жентек өңшең бір
Жамбастары ақ сабын.
Көңіл аулап сол жүріс,
Шайқаласың шанаңда.
«Судыраған ақ күміс
Жылтылдайды жағаңда»





Пікір жазу