12.07.2022
125
ОПЫҚ
Қабағын қамыс қоршаған
Қалтқысы берік қара көл;
Қиюға құсын тым сараң,
Қашаннан мəлім маған ол.
Күн ұзын суға малшынып,
Жүрегім талай шайылған.
Олжаңды көрнеу жасырып,
Қауырсын бермей қайырған.
Тағы да тұрмыз қасыңда,
Борыққа жүзіп белшеден;
Құсы да ұқсас сағымға,
Келмейді жерге өлшеген!..
Ұйтқиды өңкей жез қанат
Жоғары, төмен зымырап.
Атсаң да қанша көздеп-ақ,
Алмайсың бірін сен бірақ.
Мергенге мін деп олақтық,
Білдірмей оны ешкімге.
Тұрғаның солай тағат қып,
Шығармас сырың ішінде.
Бората атқан бытыра
Тимейді бірақ үйрекке.
Жуыса қоймас оқ сірə,
Арасы, бəлкім, сирек пе!..