12.07.2022
116
ҮЛКЕН ӨМІР ЕСІГІ
Ата, анаға шолжыңдап,
Үйде ойнаған бөбегім.
Жазылмаған ең қымбат
Секілді едің өлеңім.
Күндегідей еркелеп
Оралмадың етекке.
Анаңа еріп, ертерек
Аяңдадың мектепке.
Қапшығыңа томпиған
Қайта-қайта қарадым.
Жолыңа арнап толтырған
Жол азық сол, қарағым!
Алғаш сəби қолыңмен
Əліппеңді ашарсың.
Соның тартқан жолымен
Нелер белден асарсың.
Қызық кітап неше алуан –
Өрісің сол ен-байтақ.
Қиырларын нұр шалған
Қыдырарсың кең байқап.
Соның бүгін есігін
Мектебіңде ашарсың.
Таусылмайтын несібін
Теруге аяқ басарсың.
Ойнай бермей шолжыңдап,
Соны үйренсең, бөбегім,
Саған деген ең қымбат
Туар менің де өлеңім!