12.07.2022
102
ТАНЫС САЗ
Тоқсыра томар маздатып
Кешкісін қоста отырмыз;
Шалдырмас сірə саған түк
Айналаң биік зеңгір құз.
Қорада жым-жырт қой жусап,
Қалғиды орман тым-тырыс.
Елестер сонда мұңға ұсап
Алыста қалған бір тұрмыс...
Ойыңды кенет сезгендей
«Тіл сымын» Дəмен қосады;
Аспанды шарлап кезгендей,
Қиырға құлақ тосады.
Тамылжи баяу, сорғалап,
Жетеді бір əн алыстан.
Сағынған жаның қолқалап
Секілді сонша таныс əн.
Тоғыта сені əсерге,
Тербейді сол əн кей уақта:
Сүйінте жауған нөсер ме?
Сылдырай құйған бұлақ па?
Таңдайын қақса, жаның жай,
Танымал Үнді қызы ма;
Тосқауыл болмай Гималай,
Жеткізген Жоңғар құзына?
Телміре ынтық жүрекпен
Түресің құлақ сол əнге.
Жаныңды жұмсақ тербеткен
Көп екен досың əлемде!