ҮНДІСТАН ҚЫЗЫ
«Қызғанда күндіз ауасы тұтас
Қып-қызыл аспан лағылға ұқсас...»
Осылай жері деп жазған бұрын
Ақынның мен де аударғам жырын.
Келді сол бізге Үндістан қызы,
Таңғалтты оны Алатау құзы.
Көрінді оған ғажайып бəрі:
Қарағай, нуы, жамылған қары.
Сайларда ойнай секірсе бұлақ
Бəріне сергек түреді құлақ.
Ынтығар солай көңілің кейде
Көруге, жандай аш жүрген бейне.
Осыны түгел аңғардым қыздан
Қараған, көзін аудармай құздан!
Көре де көре қызықтар алуан
Тап келді қарға алғашқы жауған.
Балаша қарап тұрды бір тоқтай,
Қалтырап қолы тиюге батпай.
Еркелеп бейне наз қылған жандай,
Ентелеп неше, іркілді талай!
Байқадым түрін жəне бір күлген,
Баланы көріп шанаға мінген.
Кім білсін сонда ауды ма саңы,
Тіктерден сонау тебуге шаңғы?
Түсті ме, бəлкім, есіне елі,
Бөгеген деп ол несіне мені!
Көп екен қызық жеріміз толы,
Жетсе бір еркін пенденің қолы.
Ашылса соның əркімге жолы,
Тартар ед жыр ғып еліне соны!
Ақыры суық сықпалап қарды
Қалтырай тұрып қолына алды.
Қарады қарға кілкіген еріп,
Ғажайып нəрсе тұрғандай көріп.
Үңілді суға мөлдіреп тамған,
Өзінің жылы лебі де шалған.
Тебірене кенет сөйледі сол қыз,
Телміре тұрып тыңдадық құр біз:
– Жанымды қозғап жарастық, сыйлау,
Көзімнен тамған жасым ғой мынау!