12.07.2022
  99


Автор: Ғали Орманов

СЫЙ

Алыстан аяулым, сен, оралғанда,
Жүрегім қуанышқа оранғанда,
Сыйым жоқ соған татыр сірə менің
Ұстайтын бет-жүздік қып соларды алға.
Қарайсың қалпыма құр жалтаң-жалтаң,
Біле алмай не дерімді тұрмын, қалқам.
Дəметкен тамағыңды ісіргендей,
Түбінде тиыны жоқ құрғыр қалтам...
Арнаған əдейілеп жалғыз сыйым,
Емес ол ерекше тас, асыл бұйым.
Тек соны тұтқиылда түсіндіріп,
Жеткізе, тілім олақ, айту қиын.
Екен тек елесің де маған серік,
Жанымда жүрдің ылғи көмек беріп.
Жалықпай, жаным балқи, жаздым өлең,
Өзіңді арқа тұта өжеттеніп.
Егерде-жазған болсам тиімді өлең,
Оқысаң ішің жыли, сүйіп денең,
Жарылқап жанымды тек сол қуаныш,
Айтпай-ақ қояр едім сыйымды мен!..





Пікір жазу