ӨРКЕН ӨЗЕНІ
Тереңнен суды суырып
Ақтарып жатыр каналға.
Ақсуды түгел сіміріп
Қоятын қуат бар онда.
Бұлаңдай ағып көк өзен
Тартады тура батысқа;
Бөгемей қырқа не кезең,
Беттейді шырқап алысқа.
Ертістен енші алғандай
Қарық боп жатыр кең Арқа.
Есіңде мəңгі қалғандай
Ерекше қызық сол орта.
Алдыңда жатыр еркелеп
Барсаң да Ертіс қай тұсқа.
Шідерті суын жетелеп
Əкеткен бірге батысқа.
Толтырып талай тұстарды
Тоғытып жатқан көл қандай!
Аймақтың əнші құстары
Осында келіп қонғандай.
Арқада өскен өрендер
Шомылып жатыр Ертіске.
Жағада жарқын өлеңдер
Тынбайды тіпті тал түсте!
Біреулер төніп қармаққа,
Бағады соны тықыршып.
Қармақты қауып кей уақта,
Қарғиды балық қатты ыршып.
Өңірді қайта жаратқан
Қарайсың балқып сол елге,
Ертісті соған оралтқан
Ырзасың еңбек, өнерге.
Бұлақтап Ертіс құйып тұр
Жарыса кіріп əр үйге.
Тынысын соның сүйіп бір,
Балайсың өлең, əн-күйге.
Тарайды жетіп көк Ертіс
Теміртау, Қарағандыға.
Жатқандай кернеп өрен күш
Толқиды тынбай алдыңда.
Екпіні жолда басылмай,
Еркелеп Ертіс келгенде,
Сенің де кеудең осылай
Толқитын шығар бір демге!