12.07.2022
  435


Автор: Ғали Орманов

АНА МЕН БАЛА

Əкеге бала жалтаңдау,
Анаға неге тым батыл?
Тартқанша жасым қартаңдау
Бөлмеппін көңіл шындап бір.
Өзегін өртеп ананың,
Сүйегін жарып туады ол.
Байқасаң қалпын баланың
Табылар мысал бұған мол.
Тілдері тіпті шықпай-ақ
Таниды бəрін ымынан.
Тұрсаң да қабақ шытпай-ақ,
Салқынсың əке тым оған.
Қолыңа оңай қонбайды
Қыбылжып, қырсау – тартынып.
Анасын көрсе-ақ қоймайды
Алыстан құсша талпынып.
Құшақта иісі сіңгендей
Анамен жаны бірге оның.
Бəрін де өзі білгендей
Қылығы жақпас кімге оның!
Сыбдырын сырттан таниды,
Өзіне тіпті қарамай.
Қырларын қиын сан қилы
Шалдырмас саған бала оңай!
Ана мен бала секілді
Күнің мен түнің бірге өтпес.
Сырларын терең не түрлі
Шертуге шіркін тіл жетпес!





Пікір жазу